Бүгін Астанада бір топ белсенді президент Нұрсұлтан Назарбаев резиденциясы алдындағы жәшікке хат тапсырды. Хатта белсенділер президенттен мемлекеттік тіл туралы заң талаптарының орындалмауы мәселесіне араласуға шақырған.
Белсенді Рахат Икибаевтың айтуынша, үндеу хатты павлодарлық кәсіпкер Руза Бейсенбектегі жазған.
- Ол мемлекеттік сатып алу бойынша кезекті тендерге қатыспақ болған. Бірақ оның құжаттарын мемлекеттік тілде жазылғаны үшін қабылдағылары келмеген. Біз мұны Қазақстан азаматының конституциялық құқықтарының бұзылуы деп білеміз, - дейді Рахат Икибаев.
Белсендінің сөзінше, Қазақстанда мемлекеттік тілді дамыту және қолдаумен тек азаматтық сала өкілдері ғана айналысады.
Павлодарлық кәсіпкер Руза Бейсенбектегі бұған дейін мемлекеттік тіл туралы заңнамалардың орындалмайтынына шағымданған. Өткен жылы ол Астанада банкке қарсы сот ісінде жеңіп шыққан. Ол банкті өзіне "қазақ тілінде қызмет көрсетпеді және банк құжаттарында аты-жөнімді дұрыс жазбады" деп айыптаған.
Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болып бекітілген. Конституция бойынша, орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие.