Алматыда балабақша аумағында көлік бір баланы мерт қылды

Алматыда көлік бұзып кірген балабақшаның ойын алаңы. Алматы, 20 мамыр 2015 жыл.

Алматыда бүгін түс әлетінде "Таугүл" ықшамауданындағы Сүлейменов көшесінің бойынша орналасқан №58 балабақшаның ойын алаңына жол талғамайтын "Тойото Ленд Крузер" көлігі басып кіріп, 5 жастағы бір бала қаза тапты.

Қалалық ішкі істер департаментінің ақпаратына қарағанда, оқиға салдарынан бірнеше бала ауруханаға түскен.

Қазір оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталып, сараптама тағайындалған. Оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің "көлік құралдарын жүргізетін адамдардың адам өліміне әкеп соқтыратын жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бабы бойынша тергеу басталған. Көлікті жүргізген 46 жастағы әйел жүргізуші уақытша қамау абақтысына жабылады дейді департамент.