Астанада келесі аптада Сирия оппозициясының келіссөзі өтеді деп күтіліп отыр мәлімдеді бүгін Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
Сыртқы істер министрлігі Twitter-дегі парақшасында Ыдырысовтың бұл жайлы 8-Астана экономикалық форумында айтқанын хабарлады.
Мамырдың басында сыртқы істер министрлігі Азаттыққа Астананың "Сирияның өз ішіндегі тараптар келіссөзін өткізу мүмкіндігін жан-жақты қарастырып жатқанын" айтқан. Сол тұста Sputnik агенттігі Сириядағы оппозиционерлердің бірі Ранда Кассиске сілтеме жасап, Сирияаралық келіссөздің келесі кезеңін Астанада мамырдың 25-27 күндері өткізу туралы алдын-ала белгіленгенін хабарлаған.
Қазақстан СІМ сәуір айында Сирияның бірқатар оппозициялық топтары президент Нұрсұлтан Назарбаевтан Сириядағы әскери қақтығысты реттеу туралы келіссөз өткізуді сұрағанын хабарлаған. Бірақ министрлік өтініштің нақты кімнен, я қай топтардан түскенін ашып айтпаған. СІМ Астананың "Сирия қақтығысы тек бейбіт жолмен ғана шешіледі деген позиция" ұстанатынын және "Сирия президенті Башар Асадтың делегаттары бейбіт келіссөздерден шет қалмауы тиіс" екенін мәлімдеген.
Бұған дейінгі Женева мен Мәскеуде өткен келіссөздерге Асадтың да және Сирия оппозициясының да өкілдері қатысқанымен, айтарлықтай нәтиже шықпаған.