Киіктер қырылған аймақтарда карантин енгізілмек

Ұрғашы киік пен төлінің өлекселері. Қостанай облысы, 20 мамыр 2015 жыл.

Қазақстанда киіктер жаппай қырылған аймақтардағы кейбір ауылдық округтерде карантин енгізілмек. Бұл туралы бүгін ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеген деп хабарлады КазТАГ.

«Карантин ең әуелі үй жануарларын қорғау үшін енгізіледі және дерт жұқтырудың алдын алу мақсатында тиісті зарарсыздандырудан өтпеген техника мен адамдардың ол жаққа кіруіне шектеу қойылады» деген Мамытбеков.

Оның айтуынша, карантин тек өлген киіктер табылған ауылдық округтер аумағында ғана енгізілетін болады. Түз жануары ең көп қырылған Қостанай облысында өлген киік саны 80-85 мыңға жетуі мүмкін деп хабарланды.

Мамытбеков киіктердің жаппай қырылуының нақты себебі әлі анықталмағанын айтқан. Онымен білім және ғылым министрлігі жанындағы биологиялық зерттеу институты айналысып жатыр. Сонымен бірге, бұл оқиғаны зерттеу халықаралық сарапшылар да шақырылған.

Қазақстан билік орындары киіктердің жаппай қырылуына жұқпалы бактерия – пастереллез себеп болуы мүмкін деп санайды.