Иран құрлықтағы әскерінің қолбасшысы генерал Ахмад-Реза Пурдастан Иранмен көршілес елдерде ықпалы арта бастаған экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымымен күреске бөлінетін қаржыны ұлғайтуға шақырды.
24 мамырда парламентте сөйлеген Пурдастан "Ислам мемлекеті" содырлары көршілес Ауғанстан мен Пәкістанға дендеп кіре бастағанын айтып, Иранның "аймақта жаңа қауіп-қатерге" тап болғанын мәлімдеді.
"Ислам мемлекеті" ұйымы өткен жылдың жазынан бері Ирактың Иранға жақын батыс және солтүстігіндегі үлкен территорияны басып алған.
Ирандық ақпарат құралдары Ахмад-Реза Пурдастанға сілтеме жасап Иран қарулы күштеріне "танктер мен әскери көліктер сатып алып, тікұшақтарын күрделі жөндеуден өткізу қажет" екенін хабарлады. Бірақ Пурдастан жаңа қауіп-қатерге байланысты Иран бюджетінің көлемі қаншаға артуы тиіс екенін айтпаған.
Сирия мен Иракта Иранның әскери кеңесшілері жұмыс істейді. Тегеран бұл елдер үкіметіне "Ислам мемлекетіне" қарсы күресте қаржылай және әскери қолдау көрсетеді.