БҰҰ: Бішкек «шетел агенті» заңын қайта қарағаны жөн

Қырғызстан парламентінің сессиясы. (Көрнекі сурет).

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Қырғызстан билігін елде жұмыс істейтін көптеген құқық қорғау ұйымдарына кері әсер етуі мүмкін «шетел агенті» туралы заң жобасын қайта қарауға шақырды.

БҰҰ-ның бұған қатысты ресми мәлімдемесінде заң жобасы елде саяси іс-әрекетпен айналысатын және шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдардан «шетел агенті» ретінде тіркелуді талап ететіні, бірақ онда «саяси іс-әрекет» деген ұғымға нақты түсінік берілмегені айтылады.

Мәлімдемеде Қырғызстан парламентінде 27 мамырда қаралады деп жоспарланған заң жобасында «Билік институттарына олардың саясаты мен іс-әрекетін өзгерту мақсатында ықпал етуді, осы мақсатта қоғамдық пікірге ықпал етуді көздейтін іс-әрекет» деген ғана түсінік берілгені айтылған. «Бұл бұлыңғыр анықтама көптеген үкіметтік емес ұйымға қауіп төндіреді» делінген БҰҰ мәлімдемесінде.

БҰҰ қырғыз билігін «адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттар мен талаптарға сай ой-еркін білдіру және ассоциация еркіндігін қамтамасыз етуге» шақырады. Мәлімдемеде «Біз бұл заң жобасын қайта қарауға және оның елдегі азаматтық ұйымдардың маңызды жұмысына шектеу қоймайтынына көз жеткізуге шақырамыз» делінген.