Reuters: Прокурор Диас Қадырбаевқа жеті жыл сұрады

Қазақстандық студент Диас Қадырбаевтың (сол жақта) Джохар Царнаевпен бірге түскен суреті.

АҚШ федералдық прокурорлары мамырдың 27-сінде соттан Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты істі тергеуге кедергі келтірді деп айыпталған Диас Қадырбаевты жеті жылға соттауды сұрады деп хабарлайды Reuters.

Жарылыстарды ұйымдастырды деп айыпталып, өлім жазасына кесілген Джохар Царнаевтың серіктері, тергеуге кедергі келтірді деп айыптылған Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа үкім келесі аптада шығуы тиіс. 2013 жылдың 15 сәуірінде марафон аяқталар тұста болған екі жарылыстан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған.

Тергеу Қадырбаев пен Тәжаяқовқа "Царнаевтың жарылысқа қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтарды жоюға тырысты" деген айып тағып отыр.

Джохар Царнаев мамырдың ортасында өлім жазасына кесілген.

Reuters-тің ақпаратына қарағанда, прокурорлар мәлімдемесінде "Қадырбаевтың Царнаевтың марафонда жарылыс жасауды жоспарлағанын немесе сол террактіде қандай да бір рөл атқарғанынан хабардар екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Соған қарамастан, Қадырбаев Тәжаяқовпен бірге террактіні тергеуге кедергі келтіруге сөз байласқан" деп жазған.

Бірақ америкалық Boston Globe басылымы Қадырбаевты жеті жылға соттауды жарылыстан кейін атыста қаза тапқан полицей Син Кольердің әкесі Джозеф Роджерс сұрағанын айтады. Boston Globe-тің мәліметінше, Роджерс сотқа жолдаған хатында "Егер Қадырбаев күдікті террорист жайлы айтудан бұғып қалмай, полицияға хабарлағанда Син Кольердің өлімін, тағы бір полицей Ричард Донохьюдің ауыр жараланып, қаза табуы болмайтын ба еді. Ол бізден барлығын жасырып қалуды шешті" деп жазған.​