Лавров: Санкцияға Украинадағы төңкерісті қолдағандар ілінді

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Мәскеу, 1 маусым 2015 жыл.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей санкциясына Еуропаның "Украинада мемлекеттік төңкерісті белсенді қолдаған қайраткерлері" ілінгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, "төңкеріс нәтижесінде Украинадағы орыстар қудалау мен кемсітушілікке ұшырай бастаған".

Мәскеуде Италия сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Паоло Джентилонемен бірге өткізген баспасөз жиынында Лавров "қара тізімді" "Ресейдің АҚШ пен Еуропа Одағы елдері салған заңсыз санкцияға берген жауабы" деп атады.

Лавров бұған қоса "Мәскеудің Еуропа комиссиясына құпия түрде берген" қара тізімін батыстық ақпарат құралдарының 30 мамырда ашық жариялап жіберуін этикалық нормаларды бұзу деп атады.

Еуропа одағы бұған дейін Ресейдің 89 еуропалық саясаткер мен қоғам қайраткерін елге кіргізуге тыйым салғанын негізсіз деп мәлімдеген.