Мұсабаев: "Протон" апаты шығыны жайлы дау толастамайды

Инвестиция және даму министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев.

2013 жылы 2 шілдеде Байқоңырда апатқа ұшыраған "Протон-М" зымыран тасығышынан келген шығынды өтеуге қатысты дау "ешқашан толастамайды" деп мәлімдеді бүгін парламентте инвестиция және даму министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, Мұсабаев парламентте "Шығынды есептеумен табиғатты қорғау комитеті айналысқан. Олар бізге онша түсініксіз, өздерінің әлдебір зерттеуі мен мәліметтеріне сүйеніп шығын көлемін 14 миллиард теңге деп есептеген. Іс жүзінде бұл мәселе шығынды бірлесе анықтауға көмектесетін ортақ құжат жасалмай шешілмейді" деген. Ол бұған қоса мұндай ортақ құжаттың Ресеймен бірлесе жасалып жатқанынан хабардар екенін айтқан.

2013 жылы 2 шілдеде ұшырыла бере Байқоңыр аумағына құлаған "Протон-М" зымыранынан келген шығынды Қазақстан 89 миллион АҚШ доллары деп есептеген. Бірақ Ресей жағы Қазақстанның бұл есебіне күмән келтірген.

"Роскосмос" агенттігі бұған дейін өзі тек тексеру жүргізетінін және экологияға зардап келгені дәлелденген жағдайда ғана өтемақы төленетінін мәлімдеген. Бірақ сараптама жүргізілгені және оның қорытындысы туралы ресми түрде жарияланған жоқ.