Мәскеу МАГАТЭ-нің Қырым туралы айтқанына наразы

Венадағы МАГАТЭ-нің штаб-пәтері. (Көрнекі сурет).

Ресей Халықаралық атом істері жөніндегі агенттігінің (МАГАТЭ) жыл сайынғы есебін қабылдаудан бас тартты. Мәскеу мұны МАГАТЭ-нің Севастопольдегі ядролық реакторды Украина территориясында орналасқан деп көрсеткеніне байланысты істеген.

Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Владимир Воронков Мәскеудің МАГАТЭ есебіне қарсылық білдіру ниетте екенін растады. Оның сөзінше, агенттік есебі "шындыққа сай келмейді".

Ресей Украинадан Қырым түбегін 2014 жылдың наурызында аннексиялап алған. Әлем елдерінің көпшілігі Кремльдің бұл әрекетін заңды деп танымайды. Батыстық дипломаттардың бірі Reuters агенттігіне берген сұхбатында Ресейдің МАГАТЭ есебіне кедергі қоюы екіталай деген пікір айтты. Украинаның "ЭнергоАтом" агенттігі МАГАТЭ-ні Қырымдағы ядролық нысандарға жауапты емес екенін ескерткен. Бұған себеп - "ЭнергоАтомның" Қырым аннексияланғаннан бері ондағы ядролық нысандарға кіре алмауында.