БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Орталық Азияда адам құқықтарының тапталуы экстремизмнің дамуына жол ашуы мүмкін деп мәлімдеді. Түркіменстан астанасы Ашғабадта студенттер алдында сөйлеген Пан Ги Мун елдегі "адам құқықтарын сақтау саласында жағдайдың біршама нашарлап, демократия аясының тарылғанынан хабардар екенін" айтты.
"Еркіндіктің басып-жанышталуы қысқа мерзімдік тұрақтылық орнағаны туралы сезім тудыруы мүмкін" деген Пан Ги Мун адам құқықтарының құрметтелмеуі, тұрғындардың саяси өмірге араласа алмауы және барлығына бірдей мүмкіндік берілмеуі "бір жерден саңылау пайда болуына әкеп соғатынын" айтты. "Бұл саңылау неғұрлым кең болған сайын экстремистерге соғұрлым үлкен мүмкіндіктер ашылады" деді БҰҰ бас хатшысы.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуінде Пан Ги Мун билікті елдегі адам құқықтары жағдайын жақсартуға, оның ішінде шетелдік бақылаушылардың елдегі түрмелерге кіруіне рұқсат етуге, БАҚ плюрализмін, ой-пікір мен ақпарат алу еркіндігін қамтамасыз етуге шақырды.
Пан Ги Мун Түркіменстанға сапарына дейін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда болған.