АҚШ сенаторы Джон Маккейн (республикашыл - ред.) АҚШ-ты Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистермен соғысып жатқан үкімет әскеріне қару беруге тағы шақырды.
20 маусымда Киевте баспасөз мәслихатын өткізген Маккейн "Ресей президенті Владимир Путин Украинаны бөлшектеуге тырысып жатқанда Батыс елдерінің құр қарап отырғаны ұят" деп мәлімдеген.
Маккейн - АҚШ конгресіндегі Украина әскеріне қару беруді барынша жақтап келе жатқан сенатор. Ол "украиналықтар күреске әзір екендерін дәлелдеді" дейді.
Маккейн мен қатар АҚШ-тың тағы бір сенаторы Том Коттон (республикашыл - ред.) "Батыс елдері Путинге Украинадағы қақтығысты шиеленістірмеу жолында көптеген мүмкіндіктер қалдырды, бірақ Путин мұны түсінбей отыр. Енді Украина әскерін қаруландыратын уақыт келді" дейді.
Украина бұған дейін өзінің қорғаныс қабілетін күшейту үшін халықаралық қауымдастықтан бірнеше мәрте көмек сұраған. Батыс мемлекеттері әзірге қару емес, басқа құрал-жабдықпен жәрдем көрсетіп отыр.