Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруіне қатысты келіссөздерді табысты аяқтады, енді осы ұйымның құрамына 162-мүше болып енеді деп хабарлады бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев бүгін ДСҰ-ға кіру келіссөзінің аяқталуына қатысты арнайы үндеу жасаған. "Бүгін Женевада жұмысшы тобының соңғы отырысы болды. Онда Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне қатысты келіссөздердің аяқталғаны ресми түрде жарияланды. Бұл оқиғаның біз үшін тарихи маңызы зор. Қазақстан ДСҰ-ның 162-мүшесі болады. ДСҰ-ға кіру біздің экономикамызға жаңа көкжиек ашады. Бұл біздің кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуына, ал тұтынушылардың тауарлар мен қызмет көрсетулерді таңдауына мүмкіндік ашады" деген Назарбаев.
Қазақстан ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөзді 1996 жылдың қаңтарында бастаған. Содан бері интеграцияның тиімділігіне қатысты әр жылдары қилы пікірлер айтылып, келіссөз процесі бірде баяу, бірде қарқынды жүрді.