Бүгін, маусымның 24-інде «Азат интернет» қоғамдық коалициясы баспасөз мәслихатын өткізіп, «Телекоммуникация компанияларының адам құқығын сақтауға ықпалы» жөнінде зерттеулерін жариялады.
«Азат интернет» коалициясы өкілдерінің айтуынша, Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарының сақталуына телекоммуникация компаниялары ықпал ете алады. Коалиция өкілдері оған мысал ретінде «билікке қолайсыз ақпарат жариялаған веб-сайттардың сот шешімінсіз-ақ жабылып қалатын жайт Қазақстанда жиі кездесетінін» айтады. Олар мұндай жағдайда телекоммуникация компанияларына билік тарапынан ауызша бұйрық берілуі мүмкін деп санайды.
«Азат интернет» коалициясының өкілі Макс Боқаевтың сөзінше, Қазақстанда ірілі-ұсақты 25 телекомпания мен провайдер бар.
-Біз соның ішінде ірі он бір телекомпанияға хат жолдап, адам құқығын сақтауға қаншалықты әсер ете алатынын сұрастырдық. Бірақ бесеуінен ғана жауап келді, оның өзі толық емес. Сондықтан зерттеуімізді «қазақстандық телекомпаниялар адам құқын сақтауға үлес қосуға ынталы емес, олар бірінші кезекте пайда табуды ғана көздейді, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі қағидаларын басшылыққа алмайды» деген қорытындыға келдік, - дейді Макс Боқаев.
Баспасөз мәслихатында «Азат интрнет» коалициясының өкілдері телекомпанияларды азаматтық қоғаммен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып адам құқықтарын сақтауға шақырды. «Азат интернет» коалициясы өкілдерінің айтуына қарағанда, бұл ұйымға Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі қоғамдық комитет, «Заман жарғысы», «Арлан», «Азаматтық сараптама», «Шаңырақ» қоғамдық ұйымдары кіреді. 2014 жылы желтоқсан айында құрылған бұл коалиция Қазақстандағы телекоммуникация компанияларының сөз бостандығы, жеке өмірге қолсұғылмаушылық, ақпаратқа қолжетімділік мәселелеріндегі рөлін зерттеген.