Оралда ереуілші жұмысшылар үстінен сот басталды

"КазСтройСервис" компаниясы өкілі Мағрипа Сағадетова сот отырысында жұмысшылар өкілі Ғалымжан Жанқадамовтың (сол жақта) сұрағына жауап беріп тұр. Орал, 2 шілде 2015 жыл.

Орал қалалық азаматтық сотында бүгін "КазСтройСервис" компаниясы Орал қалалық филиалының биыл мамыр айында Чинарева мұнай-газ кенішіндегі ереуілге қатысқан үш жұмысшысы үстінен сот басталды.

Компания өкілі заңгер Мағрипа Сағадетова соттан ереуіл мен 11, 12 және 13 мамыр күндері жұмысқа шықпаған жұмысшылар әрекетін заңсыз деп тануды талап етеді. Оның сөзінше, жұмысшылар ереуілге шыққандықтан компания материалдық, моральдық шығын көріп, беделіне нұқсан келген. Компания ереуілшілер талабын айтып, ақпарат құралдарына сұхбат берген Нұрболат Ысмағұлов, Саламат Шапай және Нұрлыбек Ғабдоловты айыпты деп санайды.

Жұмысшылар өкілі Ғалымжан Жанқадамовтың мәлімдеуінше, компания ереуілшілерді "басқаларға сабақ болу үшін" жауапқа тартқысы келеді.

Ол ереуіл басталғанға дейін ереуілге қатысушылар компания басшылығына талаптары орындалмаса құрылыс жұмыстары тоқтайтынын жазбаша түрде ескерткенін айтады. "Бірақ жұмыс беруші ешқандай ымыраға келу шарасын жасамады" дейді Жанқадамов.

Жауапқа тартылушы үш жұмысшы өздерінің тек жұмысшы екенін және ереуілді ұйымдастырмағанын айтады. Олар ереуілге шығу туралы ескертуге "КазСтройСервис" компаниясының 140-тан астам жұмысшысы қол қойған дейді.

Судья Әсел Ысқақова тараптарды келесі сот отырсында айтқандарын дәлелдейтін құжаттарды әкелуін сұрады.

"НГСК КазСтройСервис" компаниясы Орал қаласынан 40 километр қашықтықтағы Чинарев мұнай-газ кенішінде газ өңдеу зауытын салып жатыр.

Компанияның 140-тан астам жұмысшысы мамыр айында жалақысын көбейтуді және кеніште зиян келетін жұмыс істейтіндері үшін қосымша ақы төлеуді талап еткен. Кейін компания басшылығы жұмысшылар жалақысына 15 пайыз көлемінде үстемақы қосуға уәде берген.