«Махаббат» кешені тұрғындары төлемді созуды сұрайды

«Махаббат» кешені тұрғындары «Қазпошта» ғимараты алдында тұр. Астана, 3 шілде 2015 жыл.

Астанада бірнеше жылдан бері баспаналарын даулап жүрген «Махаббат» кешені тұрғындары бүгін қаладағы «Қазпошта» мекемесі алдына жиналды. Олар мұнда «Қазэкспортастық агрофирмасы» компаниясы басшылығына хат жолдау үшін келгендерін мәлімдеді. Келушілердің бірі Светлана Сиязованың сөзінше, олар өздері тұрып жатқан пәтерлердің иесінен баспананы әр шаршы метрін 900 долларға бағалап сатуды және төлем жасауды он жыл мерзімге созуды сұрап отыр.

«Махаббат» кешені тұрғындарының өкілі Махамбет Әбжанның журналистерге айтуынша, тұрғындар өздерімен кездесуден бас тартқан пәтерлердің меншік иесімен келісімге келуге кезекті рет талпыныс жасап отыр.

– Бұған дейін компания оларға пәтерді әр шаршы метрін 900 доллардан сатып алуға ұсыныс жасаған, бірақ ол кезде тұрғындар оған дайын емес еді және сатып алу мерзімі де қысқа болатын. Қазір олар шаршы метрін 900 доллардан сатып алуға келісіп отыр, - дейді Махамбет Әбжан.

Астанадағы «Махаббат» және «Махаббат-2» кешендерінің тұрғындары өздерінің тұрғын үй құқығын қорғау үшін бұған дейін бірнеше рет наразылық акцияларына шыққан.

Тұрғындар арасындағы белсенділердің сөзінше, оларды осыдан төрт жыл бұрын кешеннің меншік иесі «Қазэкспортастық агрофирмасы» компаниясы пәтерді кейін сатып алатындай етіп жалға беру туралы келісім-шарт бойынша қоныстандырған. Кейін компания келісім-шарттарды тіркеуге деп жинап алып, қайтармай қойды дейді тұрғындар. Тұрғындардың айтуынша, олар бастапқыда пәтерді жалдау ақысына айына 25 мың теңгеден төлеп келсе, кейін 40 мың теңгеден төлеген. Бірақ меншік иесі ауысқан соң олардан тұрғын жайдан шығуды талап етіп, пәтердің жалдау ақысын қабылдаудан бас тартқан.