Франция президенті Франсуа Олланд пен Германия канцлері Ангела Меркель Грекияның экономикалық жағдайына байланысты мәселені талқылау үшін бүгін Парижде кездеспекші.
Екі елдің басшылары сейсенбі күні еуро аймағы лидерлерінің қатысуымен Грекия бойынша саммит өткізуге шақырып отыр.
Халықаралық валюта қоры, Еуропалық орталық банк пен Еурокомиссия Грекияға салықты ұлғайтып, әлеуметтік төлемдерді қысқартуды ұсынған. Бірақ жексенбі күні өткен референдумге қатысқан Грекия сайлаушыларының басым көпшілігі халықаралық кредиторлар шартын орындауға қарсы дауыс берген. Дауыс беру нәтижесі белгілі болысымен Грекия экс-премьері, оңшыл центристік «Жаңа демократия» партиясының лидері Антонис Самарас отставкаға кететінін мәлімдеген. Самарас халықаралық кредиторлар талабын қолдау жөніндегі қоғамдық кампанияны басқарған еді.
Ал референдум нәтижесін жеңіс ретінде қабылдаған қазіргі премьер-министр Алексис Ципрастың үкіметі халықаралық несие берушілермен келіссөздер өткізуге ниетті екенін мәлімдеген. Бірақ Германия канцлері төңірегіндегі кейбір тұлғалар жексенбідегі референдумнен кейін Афинамен дағдарысқа қарсы жәрдем жайын талқылауды «елестету қиын» деп санайды.