Уфада ШЫҰ мен БРИКС саммиті басталады

ШЫҰ мен БРИКС саммитінің белгісін сүртіп жүрген тазалық қызметкері. Уфа, Ресей, 7 шілде 2015 жыл.

Уфада бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер мен БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка) бірлестігіне кіретін елдер басшыларының саммиті басталады. Биыл екі ұйымға да Ресей төрағалық жасайды.

БРИКС елдері басшыларының жабық түрде өтетін кездесуінде Украинадағы қақтығыс пен Грекиядағы қаржылық дағдарыс және "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы тарапынан төнетін қауіп талқыланбақ. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшылары "Уфа декларациясын" және 2020 жылға дейінгі экономикалық ынтымақтастық стратегиясын қабылдайды.

ШЫҰ саммитінде ұйым құрамына Үндістан мен Пәкістанның қабылдану процесі басталады деген болжам бар.

Уфадағы саммитті өткізу туралы келісім 2012 жылы жасалған. Ресми бағамдау бойынша, содан бергі үш жылда саммит дайындығына 10 миллиард рубль жұмсалған. Оппозициялық ақпарат құралдары саммитке арналған құрылыс және жөндеу жұмыстарының "шалағай жүргізілгенін" және қаржының "мақсатқа сай жұмсалмағанын" хабарлаған. Блогерлер құрылыс жұмыстарындағы ақаулар мен шалағайлықтар туралы, мысалға жасыл кілемше жаба салған газондардың суреттерін жариялаған.

Көптеген уфалықтар жолдың жабылуы мен полицияның тексеруінен қауіптеніп қаладан кетіп қалған. Қазір қалада 10 мыңға тарта полицей бар. Саммит өтетін аймаққа жақын үйлердің әрбір подъезінде полицейлер металл іздейтін құрылғымен тұр дейді Азаттықтың Орыс қызметі.

Қос ұйым мемлекет басшыларының саммиті шілденің 10-ына дейін жалғасады.