Омбы: Казарманың қирауынан 20 адам мерт болды

Омбы облысында қираған әскери казарма ғимараты. Ресей, 13 шілде 2015 жыл.

Ресейдің Омбы облысында әскери казарма ғимаратының қирауынан қаза тапқандар саны 20 адамға жетті.

Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конешенковтің айтуынша, әскери казарма ғимараты үйіндісінің астынан 39 адамның денесі шығарылған. Олардың 19-ы ауруханаға жөнелтілген. Үш адам із-түзсіз жоғалғандар санатында.

Құтқару жұмыстары әлі жүріп жатыр. Омбыға Мәскеуден медициналық бригада барған.

Омбы облысында 12 шілде күні кешке жақын десант әскер бөлімшесінің төрт қабатты казармасының бір секциясының жабыны құлап түскен. Құқық қорғау орындары ғимарат жабынының қирауына жөндеу жұмыстары кезіндегі заң бұзушылық себеп болуы мүмкін дейді.

Оқиға бойынша "қызметіне салғырт қарау" бабымен қылмыстық іс қозғалды.