Ресейлік тележүргізуші әрі «Россия сегодня» ақпарат агенттігінің бас директоры Дмитрий Киселев Facebook әлеуметтік желісінен ашқан жеке парақшасын арада бірнеше сағат өткенде алып тастады деп хабарлайды ВВС.
Қазір ол парақша ашылмай тұр. Аталған аккаунт Facebook әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парақшасы екенін жұма күні «Коммерсант» басылымына растаған Киселев, сонымен бірге Twitter мен Instagram желілерінен де парақшалар ашу ойы барын айтқан. Ол өз парақшасына боқтық сөздер жазғандарды бірден қара тізімге жіберетінін де ескерткен.
Белгілі блогер Рустем Адагамовтың бақылауынша, Киселевтің Facebook-тегі парақшасы іске қосылғаннан кейін бірнеше сағаттың ішінде «тілдеп-қорлайтын және мазақ еткен» жазбалар жүздеп түсе бастаған деп хабарлайды ВВС. Көп ұзамай тележурналистің аккаунты ашылмай қалған, оның себебі туралы Киселевтің өзі ешқандай түсініктеме жазбаған.
Ресейдің «Россия» телеарнасында апталық «Вести недели» ақпараттық бағдарламаның жүргізушісі Дмитрий Киселевтің атына сыңаржақты және кремльшіл пропагандаға негізделген хабарлары үшін жиі сын айтылады. Киселев пен оның бағдарламасына биыл Ресей ұлттық телевизиялық жүлдесі – ТЭФИ-2015 сыйлығы берілген.