Хаменеи: Иранның АҚШ-қа қатынасы өзгермейді

Аятолла Әли Хаменеи.

Иранның халқын мұсылмандардың қасиетті айы Рамазанның аяқталуымен құттықтау сөзінде елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Иранның АҚШ-қа деген қарым-қатынасында өзгеріс болмайтынын айтқан.

Тегеранның ядролық бағдарламаға қатысты жүргізген келіссөзін ерекше жағдай екенін айтқан аятолла, Иран бұрынғысынша «менменшіл АҚШ-қа» қарсы тұра алатынын мәлімдеген.

«Иран соғысты қаламайды, бірақ егер бола қалған жағдайда, АҚШ сазайын тартады» деген ол.

Хаменеидің сөзінше, Таяу Шығысқа қатысты АҚШ-тан мүлде басқа ұстанымдағы Иранның Сирия, Ливан және Иракқа деген қатынасы еш өзгермей, Тегеран палестиндіктерге, «Йемен мен Бахрейннің езгідегі халқына» қолдауын жалғастыра бермек.

Бұған дейін Тегеранның ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне Иранға салынған халықаралық санкцияларды жұмсартуды көздейтін келіссөздерді үздіксіз екі аптадан аса уақытқа жүргізген Иран мен алты мемлекет шілденің 14-і күні Венада түпкілікті келісімге келген еді.