Донбаста атыстан бір бейбіт тұрғын мерт болды

Украина әскериі Новотроицкое елді мекеніндегі атқылаудан қираған үй жанында тұр. Донецк, Украина, 22 шілде 2015 жыл.

Украина шығысында бүгін ресейшіл сепаратистер Донецк облысының Авдеевка елді мекенін минометтен атқылап жатыр. Украина ішкі істер министрлігі Донецк облыстық басқармасының бастығы Вячеслав Аброськиннің Facebook-те хабарлауынша, атқылаудан жергілікті екі тұрғын жараланып, бірнеше үй қираған.

Бұған дейін облыстың Опытное, Пески, Красногоровка және Березовка елді мекендері атқылауға ұшырағаны хабарланған.

Донецк облыстық әкімшілігінің мәліметінше, өткен тәулікте арнайы операция аймағында бір әйел қаза тауып, жеті әскери мен екі бейбіт тұрғын жараланған.

Украиналық әскерилер соңғы тәулікте Донецк облысында сепаратистер өздерінің позицияларын 80 рет атқылағанын, арасында танк пен минометтен оқ атылғанын мәлімдеген. Луганск облысында Троицкое және Болотенное елді мекендері ауыр артиллериядан атқыланған.

21 шілдеде қақтығысты тоқтатуға арналған Минск байланыс тобы - Ресей, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен сепаратистер өкілдері Минскідегі кездесуінде соғысушы тараптар шебі түйісетін аймақтардан қару-жарақты әкету жөнінде жаңа келісім жасағаны хабарланған.