Алматыда cел жүрді

Шаляпин-Ясауи көшелері қиылысындағы лай су жүріп өткен тұс. Алматы. 23 шілде, 2015 жыл.

Алматы қалалық әкімдігінің мәліметі бойынша, бүгін таң алдында қаладағы Наурызбай ауданы аумағында сел жүрген.

Жергілікті ақпарат құралдары сел Алматыдағы Жандосов пен Яссауи көшелерінде, Дружба мен Ақжар кентінде жүргенін хабарлады.

Қазір сел болған аумақта ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар қызметі және ІІМ жеке құрамы жұмыс істеп жатқаны хабарланды. Полиция сел жүрген аймаққа баратын жолдарды жапқан.

Алматы-Тараз автокөлік жолындағы "Алтын Орда" базары маңында жүздеген көлік кептелісте тұр деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті селден қаза болғандар туралы ақпарат түспегенін хабарлады.

Наурызбай - 2014 жылы қыркүйекте құрылған Алматы қаласындағы сегізінші аудан. Қаланың батыс бөлігін қамтитын аудан аумағындағы тұрғын-жайдың дені - жер үй.