Обама: АҚШ пен Кения терроризмге қарсы бірге күреседі

АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ пен Кения терроризмге қарсы күрес мәселесінде бірге деп мәлімдеді сенбі күні Найробиде Кения президенті Ухуру Кениатамен кездесуден соң АҚШ президенті Барак Обама. Оның сөзінше, екі мемлекет арасында терроризммен күрес саласы бойынша, әсіресе «Әл-Шабаб» тобына қарсы күресте ұзақ мерзімді тиімді қарым-қатынас орныққан.

Келіссөздер барысында Обама мен Кениата көптеген мәселелерді, соның ішінде терроризм мен коррупцияға қарсы күрес, экономикалық ынтымақтастық және адам құқықтары жайын талқылаған.

Сенбі күні Найробидегі кәсіпкерлік жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөйлеген АҚШ президенті «кәсіпкерлік – өз құқығыңды қорғап, коррупцияға қарсы күресуге көмектесетін, өмірден өз орнын таба алмай жүрген жастарды жиі шырмауына алатын зорлық-зомбылық пен дүрдараздық идеологиясына балама» деп мәлімдеген.

Сонымен бірге Обама кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдердің үлесі барған сайын артып келе жатқанын атап өткен. «Әйелдер – кәсіпкерлікті ілгері жылжытушы күш. Зерттеу көрсеткеніндей, кәсіпкер әйелдердің табысқа жетуі экономика өсімін арттырып, өз отбасылары мен қауымына инвестицияны көбейтеді» деген Обама.

Сол күні АҚШ президенті Найробидегі АҚШ елшілігіне жасалған террорлық шабуыл құрбандарына арналған мемориалда болды. 1998 жылы тамыздың 7-інде «Әл-Қаида» содырлары ұйымдастырған бомба жарлысынан қаза тапқан 200-ден астам адамның 12-і АҚШ азаматтары еді. Шабуылдан төрт мыңға жуық адам жараланған.

Барак Обама Кенияға жұма күні кешке ұшып барған. Сол күні ол Кениядағы туыстарымен Найробиде жүздескені хабарланды. Бұл – Ақ үйдегі жоғарғы билік басына келген уақыттан бері Обаманың әкесінің туған еліне алғаш рет ресми сапармен баруы.

Кениядан соң АҚШ президенті Эфиопияға бармақшы.