ТЖК: Қарғалы өзенінде су көтерілу қаупі жоқ

Қарағайлы елді мекенінде болған су тасқыны. Алматы. 23 шілде, 2015 жыл.

"Қазселденқорғау" мекемесінің мәліметінше, Қарғалы өзеніндегі су шығыны секундына 2,8 текше метрді құрайды, су деңгейі көтерілу қаупі жоқ деп хабарлады бүгін ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.

Комиссия жұмысының алдын-ала нәтижелері бойынша, Алматының үш ауданында селден 450-ден астам үй зардап шегіп, оның он шақтысы қираған. 44 көше мен 32 көлікті сел басып қалған. Сел басқан аймақтарда қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Алматының Наурызбай ауданы аумағында 23 шілде күні түнде сел жүрген. Төтенше оқиғадан мыңнан астам адам эвакуацияланды. Адам қазасы туралы ақпарат жоқ. Ресми орындар селге Алматы маңындағы Қарғалы өзені бассейніндегі 8-мұздық астында орналасқан, шамамен 40 мың текше метр суы болған көлдің табанын бұзып кетуі себеп дейді.