Бішкек пен Вашингтон өзара қарым-қатынасын талқылады

Қырғызстан сыртқы істер министрі орынбасары Асқар Бешимов (оң жақта) АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісі Ричард Хоугландпен кездесуде. Бішкек, 29 шілде 2015 жыл.

Бішкекте Қырғызстан сыртқы істер министрі орынбасары Асқар Бешимов бүгін АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісі Ричард Хоугландпен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастың нашарлай бастағанын талқылады.

Сыртқы істер министрлігі Хоугланд пен Бешимовтің келіссөзде негізінен соңғы уақытта қырғыз үкіметінің екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді бұзу шешімін талқылағанын ғана айтып, басқа ақпарат бермеді.

17 шілдеде Қырғызстан сыртқы істер министрлігі АҚШ мемлекеттік департаментінің түрмеде жатқан құқық қорғаушы Азимжан Асқаровты 2014 жылдың құқық қорғаушысы сыйлығымен марапаттағанына наразылық танытқан. Ал 21 шілдеде Бішкек 1993 жылы АҚШ-пен жасалған ынтымақтастық туралы келісімді бұзған.

Ресми Бішкек марапат Қырғызстандағы этникалық өзбектер арасында қауіпті "сепаратистік көңіл-күйдің" пайда болуына дем береді дейді.

Вашингтон ынтымақтастық келісімін бұзу Қырғызстанға жасалатын көмекке нұқсан келтіреді деп ескертті.

Азимжан Асқаров 2011 жылы 2010 жылдың маусымында болған қырғыздар мен этникалық өзбектар арасында болған жанжалдарда "этникааралық жаулықты қоздырып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, құқық қорғау органы қызметкерлерінің өліміне қатысы бар" деген айыптармен өмір бойы түрмеде отыруға сотталған.