Алматыда жоғалған екі бала табылған

Ауыл балалары. (Көрнекі сурет)

Алматыда жоғалып кеткен екі бүлдіршін Талғардағы бөбектер үйінде екені анықталған. Бұл туралы Алматы қалалық ішкі істер басқармасы хабарлаған.

Ағайынды 2008 жылы туған Александр Нахаев пен 2010 жылы туған Полина Нахаеваны тас жолдың бойында жолықтырған белгісіз адамдар екеуінің адасып жүргенін біліп, оларды Талғардағы бөбектер үйіне апарып тапсырған. «Қазір балалардың денсаулығы мен өміріне еш қауіп жоқ. Енді олар кəмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына ауыстырылады» деп хабарлады полиция.

Полицияның дерегінше, ағайынды Александр және Полина Нахаевтар шілденің 28-і күні Алматының Медеу ауданындағы саяжайлық үйлердің бірінен қараусыз қалған кезде шығып кетіп, содан жоғалып кеткен. Анасы олардың жоғалғаны туралы екі күн өткенде ғана ішкі істер органдарына хабарлап, полиция шілденің 31-і күні балаларға іздеу жариялаған.