Қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжал бүгін де жалғасты

Қырғыз-тәжік шекарасы маңында болған қақтығыс. 4 тамыз 2015 жыл.

Қырғыз-тәжік шекарасында бүгін де жанжал шығып, жағдай қайта шиеленісті. Қырғызстаннның Баткен облысының шекара жақын Кок-таш ауылы мен Тәжікстанның Чорку ауылы маңында атыс даусы естілді. Тәжікстанның Исфара ауданы билігінің мәлімдеуінше, атыста төрт тәжік азаматы жараланған. Кеше осы аумақта екі ауыл тұрғындары - ондаған тәжік пен қырғыз арасында қақтығыс болып, бірнеше адам жараланған еді.

Бүгін шекара маңына шамамен 500-ге тарта адам жиналып, бір-біріне тас ата бастаған. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Кок-Таш ауылында әйелдер балаларын ертіп кете бастаған.

Қақтығыс 3 тамыз күні тәжік азаматтары зиратқа бара жатқан Кок-Таш ауылы тұрғындарының жолын жауып, өткізбей қойғаннан кейін басталған. Оған жауап ретінде қырғыз азаматтары тәжік ауылына баратын канал суын жапқан. Салдарынан екі ауыл тұрғындары арасында қақтығысы туған. Шекаралас ауылдардың 200-ге тарта тұрғыны бір-біріне тас лақтырып, салдарынан төрт қырғыз азаматы жараланып ауруханаға түскен.

Қырғыз мемлекеттік шекара қызметінің Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлауынша, қырғыз жағынан "бір ғана оқ атылған". Қырғыз шекарашылары шекарадағы жағдайды "шиенелісті" деп бағалап отыр.

Шекаралас ауылдардың билігі мен ақсақалдары қазір жағдайды талқылап, тұрғындарды тыныштандыруға шақырып жатыр.

Қырғыз және тәжік шекарашылары қазір шекарадағы жағдайды бақылауда ұстап тұрғанын және шиеленістің күшейіп кетпеуіне күш салып жатқанын айтады.

Соңғы айларда қырғыз-тәжік, қырғыз-өзбек шекараларының кейбір бөліктерінде шекаралас ауылдар тұрғындарының арасында, тұрғындар мен шекарашылар арасында жанжал туындап, жағдай шиеленісе бастаған.