Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биліктегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Асқар Мырзахметовті тағайындаған. Бұл туралы ақпарат бүгін Ақорданың Twitter-парақшасында жарияланды.
1962 жылы туған, ауыл шарушылығы және экономикалық мамандықтары бойынша білім алған Асқар Мырзахметов 2009 жылдан күні бүгінге дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып істеген. Оған дейін «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясын басқарған, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі, Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі болып қызмет атқарған.
Асқар Мырзахметовтің билік партиясы төрағасының жаңа бірінші орынбасары болып тағайындалғанын бүгін өткен «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің бюро отырысында партия төрағасы – президент Назарбаев хабарлаған.
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін 2013 жылдың қаңтарынан осы кезге дейін Бауыржан Байбек атқарып келген еді.