"Нұр Отан" партиясы кірісі 7,9 миллиард теңгені құраған

«Нұр Отан» партиясының 16-съезі. Астана, 11 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Биліктегі «Нұр Отан» саяси партиясы 2014 жылғы кірісі мен шығысы туралы есепті ресми сайтында жариялады.

Ақпаратқа сәйкес, былтырғы жылы партияның жалпы кірісі 7 миллиард 954 миллион 971 мың теңгені құраған. Бұл сомадан 7,1 миллиард теңге коммерциялық емес көздерден түссе, 763 миллионға жуық теңге коммерциялық жолмен келген пайда есебінде көрсетілген.

Партияның кірісі мүшелік жарналар, республикалық бюджеттен бөлінген қаржы, кәсіпкерлік қызмет пен екінші деңгейлі банктердегі салымдардан алынған кірістер, Қазақстан азаматтары мен ұйымдары берген ерікті қаржылар және басқа көздерден құралатыны айтылған.

Партия мүшелері жарнасынан 1 миллиард 349 миллион теңге жиналса, республикалық бюджеттен партияға 3 миллиард 367 милион теңге бөлінген.

Билеуші партияның толық меншігінде екі коммерциялық ұйым – «Нұр Отан» шаруашылық басқармасы» (ХОЗУ) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «НҰР Медиа» холдингі бар. Былтырғы жылы кәсіпкерлік және жалға беру қызметінен партия 735 миллион 565 мың теңге тапқан.

Өткен жылы партияның шығыны 5,4 миллиард теңгеден аса соманы құраған.

2014 жылғы 31 желтоқсандағы есеп бойынша, «Нұр Отан» партиясына 849 мың 674 адам мүше болса, партияның жастар қанаты - «Жас Отан» қатарында 164 мың 115 адам бар деп көрсетілген.