Футболдан «Барселона» командасы УЕФА суперкубогын жеңіп алды. Грузия астанасында өткен матчта «Барселона» тағы бір испаниялық клуб «Севильяны» қосымша уақытта 5:4 есебімен ұтты.
Алғашқы допты ойынның үшінші минутында «Севилья» ойыншысы Банега салды. Бірақ, жетінші минутта есепті теңестірген Месси, 16-минутта екінші голын салды. «Барселона» ойыншысы Рафинья матчтың 44-минутында, Суарес – 52-минутында бір-бірден гол соқты. 4:1 есебімен жеңіліп жатқан «Севилья» командасынан Рейес (57-минутта), Гамейро (72-минутта пенальтиден) және Коноплянка (81-минутта) бәсекелестің қақпасына допты дәл соғып, есепті теңестірді – 4:4. Ал қосымша уақыттың 115-минутында «Барселона» ойыншысы Педроның салған голы командасына жеңіс әкелді – 5:4.
«Барселона» былтырғы маусымда Чемпиондар лигасын, ал «Севилья» – Еуропа лигасында жеңіске жеткен. Ал суперкубок УЕФА аясында ұйымдастырылатын осы екі турнирдің жеңімпазы арасында сарапқа салынады.
«Барселона» осымен бесінші рет суперкубокты иеленіп отыр. Каталониялық команда бұған дейін 1992, 1997, 2009 және 2011 жылдары осы кубокты ұтқан.