Штайнмайер: Донбастағы жағдай жарылуға шақ тұр

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Украинаның шығысындағы ахуалды «жарылыс алдында тұр» деп атап, оны шиеленістірмес үшін тараптарды дереу келіссөздер өткізуге шақырған.

Министр бұл туралы бүгін Bild am Sonntag басылымында жарияланған сұхбатында айтқан.

Штайнмайер ресейшіл сепаратистердің, ресми Киевтің және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы миссиясы өкілдерінің қатысуымен келіссөздер өткізуді ұсынады. Мұндай келіссөздер жағдайды ушықтырмау үшін қажет деп санайды ол.

Қарсылас жақтар атысты тоқтату туралы ақпан айында Минскіде келісім жасаған соң қарулы қақтығыстар саябырсығанымен, екі тарап та келісімді бұзып отыр деп бір-бірін айыптаумен келеді.

БҰҰ деректері бойынша, 2014 жылы Шығыс Украинада қарулы жанжал басталғалы бері 6400 адам мерт болған.