АҚШ «Хаккани тобы» террористік ұйымы басшысының бауырын әлемдегі «аса қауіпті халықаралық террористер тізіміне» енгізді. Бұл туралы сейсенбіде АҚШ мемлекеттік департаменті хабарлаған.
Пәкістанда орналасқан, «Әл-Қаида» террорлық ұйымымен тығыз қарым-қатынастағы «Хаккани тобын» Ауғанстан территориясында жасалған көптеген ірі шабуылдармен байланыстырады.
«Азиз Хаккани бірнеше жыл бойы Ауғанстандағы үкімет нысандарына қолдан жасалған жарылғыш заттармен жасалған шабуылдарды жоспарлап, іске асыруға қатысқан. Азиз Хаккани ағасы Бадруддин Хакканидің қазасынан соң «Хаккани тобы» жасаған барлық үлкен шабуылдар үшін жауапты деген болжам бар» делінген АҚШ мемлекеттік департамент мәлімдемесінде.
Бұған дейін Вашингтон «Хаккани тобының» жетекшісі Сираджуддин Хакканиге іздеу жариялаған. Жақында топ қатарына оның бауыры Абдул Азиз Хаккани қосылған. Ағайынды Хакканилердің Пәкістан әскери барлау қызметінің радикалдық ұстанымдағы өкілдерімен байланысы бар делінеді. Таяуда Сираджуддин Хаккани «Талибан» экстремистік қозғалысының ауғанстандық тармағы басшысының орынбасары болып жарияланған.
Азиз Хакканиді ұстауға бес миллион доллар сыйақы тағайындалған. АҚШ территориясында оның дүние-мүлкі тәркіленуге жатқызылған.