Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ADAM журналының шығуын үш айға тоқтату және журналға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеу туралы шешім шығарды.
Журналдың бас редакторы Аян Шәріпбаевтың хабарлауынша, бүгін таңертең Алматы қаласы әкмідігінің ішкі саясат басқармасы өкілдері келіп, өздерінің «Тіл туралы" заңды бұзғандығын" айтып, хаттама толтырып, істі әкімшілік сотқа жіберген. "Әкімшілік сот екі сағаттан кейін журналды үш айға тоқтату мен айыппұл салу туралы шешім шығарды» делінген Аян Шәріпбаев таратқан ақпаратта.
Азаттыққа Алматы қаласы ішкі саясат басқарма бастығының орынбасары Бақытжан Ақжаровтың айтуынша, «ақпарат құралдарына қатысты жүргізілген мониторинг кезінде «БАҚ туралы» заңға қайшы жағдай анықталған.
- Журналдың қай тілде таралуына қатысты заң бұзу анықталды. Яғни, тіркеуге қойылған кезде журнал қазақ және орыс тілдерінде шығарылады деп көрсетілген. Алайда, журналдың бірінші нөмерінен бері қазақ тілінде бір де бір материал болмаған. Егер тек орыс тілінде шығатын болса, онда тиісті өтініш жазып, шығарылатын тілі – орыс тілі екендігін айту керек еді. Олар оны істеген жоқ, бұл – заң бұзу - деді Бақытжан Ақжаров.
ADAM журналы сот шешімімен жабылған ADAM bol журналының жалғасы ретінде шыққан. ADAM bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева ақпанның 26-сы күні Алматы қалалық соты басылымды жабу туралы аудандық соттың шешімін күшінде қалдырған соң, жаңадан ADAM журналы шығатыны туралы мәлімдеген. Ерғалиева жаңа журнал бұған дейін қызметі тоқтатылған ADAM rider's және ADAM bol журналдарының саясатын ұстанатынын айтқан.