Ғани Қасымов кетіп, ҚПП басшылығына жаңа адам келді

Қазақстан патриоттары партиясы төрағасы Ғани Қасымовтың парламент сенатының депутаты кезіндегі суреті. Алматы, 1 шілде 2011 жыл.

Қазақстан патриоттары партиясы төрағасы Ғани Қасымов саяси ұйымдағы қызметінен кетті. Бұл туралы Астанада сенбі күні өткен партияның кезектен тыс 14-съезінде жарияланды.

Бүгінгі жиындағы сөзінде Ғани Қасымов «алда тұрған міндеттерін жүзеге асыру үшін партияға жаңару қажеттігін» мәлімдеген. Өз айтуынша, ол енді Ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша кеңес төрағасы болып жұмыс істейді.

Съез делегаттары Ғани Қасымов партия басшылығына ұсынған кандидатураны бірауыздан мақұлдап, Толымбек Ғабділәшімовті Қазақстан патриоттары партиясының жаңа төрағасы етіп сайлаған.

Толымбек Ғабділәшімов бұған дейін атқарушы билік органдарында жауапты қызметтер атқарған.

Билікті қолдайтын Қазақстан патриоттары партиясын құрылған сәтінен – 2000 жылдың тамыз айынан күні бүгінге шейін Ғани Қасымов басқарып келген. 2004 және 2007 жылдары партиялық тізім бойынша парламент сайлауына қатысқанымен, партия қажетті дауысқа ие бола алмаған.

Партия төрағасы Ғани Қасымов Қазақстан президентінің жарлығымен 2007 жылы парламент сенатының депутаты болып алты жыл мерзімге тағайындалған.