Қазақстан Қытай портымен жүк тасымалын көбейтпек

Қытайдың Ляньюньган порты.

Қытайда іссапармен жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Цзянсу провинциясы халық өкілдерінің тұрақты комитетінің төрағасы, партия комитетінің хатшысы Лоу Чжицзюнмен кездесті.

Екі тарап Тынық мұхитындағы Ляньюньган портында Қазақстанның логистикалық терминалы арқылы жүк тасымалы ауқымын кеңейту келешегін талқылаған.

«Қазақстан үшін Цзянсу провинциясымен ынтымақтастықтың маңызы зор. Біз Қытай басшылығымен уағдаластық бойынша Ляньюньган портында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – Қазақстанның Тынық мұхитқа тарихи тұрғыдан алғашқы қадам басуы. Мұны ынтымақтастығымыздың басы ғана деп ойлаймын» деген Назарбаев.

Қазақстан президенті Пекинге сапары кезінде Қытай президенті Си Цзиньпинмен және Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесіп, көлік-логистика саласындағы мәселелер бойынша келіссөздер жүргізген.