Сот Нарымбаевтың апелляциялық шағымын қарамады

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев сотта отыр. Алматы, 3 қыркүйек 2015 жыл.

Алматы қалалық соты бүгін азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың апелляциялық шағымын қайтарып тастады.

Сотта сөз берілген Ермек Нарымбаев өзін шын мәнінде "Facebook-тегі президент Нұрсұлтан Назарбаевты, үкімет пен Ұлттық банк басшылығын отставкаға кетуді талап еткен жазбасы" үшін соттағанын, бірақ сот өтпеген митингіні ұйымдастырды деген басқа айып тағылғанын мәлімдеді. Ол бұған қоса басқа да айыптаумен келіспейтінін білдіріп, алғашқы сот тыңдауында қан қысым жоғарылап, өзін нашар сезінгендіктен үстелге отырғанын, ал сот мұны "сотты сыйламағандық" деп ұққанын айтты.

Алматының ауданаралық әкімшілік соты 21 тамызда Ермек Нарымбаевты 20 тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарған. Судья белсендіге «сотты құрметтемегені үшін» 5 тәулік және «митинг ұйымдастырғаны үшін» 15 тәулікке – жиыны 20 күн кескен.​

Ермек Нарымбаев отставка талабынан бөлек зейнетақыны индексациялау, теңге бағамын 2014 жылғы қаңтардағы деңгейіне қайтару, табиғи ресурстарды, оларды өндіретін кәсіпорындарды мемлекет иелігіне алу, жұмыстан жаппай босату мен қысқартуды доғару және басқадай талаптарды билікке тапсыру үшін тамыздың 20-сы күні Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткіші жанына келетінін әлеуметтік желіде хабарлаған. Сол күні оны «Әділеттілік үшін» қоғамдық бірлестігі жалдап отырған кеңседен полиция қызметкерлері ұстап әкетіп, кейін сот шешімімен абақтыға жабылған.