Тәжікстанда бүлікші генералға қарсы операция жалғасып жатыр

Тәжікстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал Абдухалим Назарзода.

Тәжікстанның шығысында сенбіде жүргізілген арнайы операция барысында күш құрылымдарының 9 өкілі қаза тауып, алтауы жараланған. «Интерфакс»агенттігінің хабарлауынша, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал Абдухалим Назарзода мен оның серіктеріне қарсы операция жалғасып жатыр.

Бұған дейін Азаттықтың Тәжік қызметі Рамит шатқалында Назарзоданы жақтайтын 13 адам оққа ұшып, тағы 32 адам қолға түскен деп хабарлаған еді. Генерал Назарзоданың бауыры билікке өз еркімен берілген. Үкімет күштерінің көп көлемде қару-жарақ пен оқ-дәріні қолға түсіргені хабарланды.

Сенбі күні Душанбеге кіреберістегі мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері тұрған бекетке белгісіздер шабуыл жасаған. Салдарынан бір милиционер мерт болып, бірнешеуі жараланған. Шабуыл жасағандардың Назарзодамен байланысы бар-жоғы әзірше белгісіз.

Қыркүйектің 4-і күні таңертең Тәжікстан қорғаныс министрлігінің орталық аппараты мен Душанбеден 20 шақырымдай жердегі Вахдат қаласында ішкі істер бөліміне жасалған қарулы шабуылдар салдарынан 9 милиция қызметкері мерт болғаны туралы хабарланған еді.

Тәжікстан билігі бұл шабуылдарға генерал Абдухалим Назарзоданы айыптап отыр. Жұма күні президент Эмомали Рахмон өз шешімімен Назарзоданы қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатқан.