Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының 2-сотында бүгін өткен жарыссөзде прокурор "Теректі мал жәрдемі" мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы директоры, коррупцияға қатысты айып тағылған Иса Бекетовті бес жылға соттауды сұрады.
Аудандық ветеринарлық қызметтің бұрынғы басшысы, 49 жастағы Бекетовке мемлекет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін теріс пайдаланды деген айып тағылған. Айыптау актісінде Бекетов "мемлекетке бес миллионнан астам теңге шығын келтіргені" айтылған.
Иса Бекетов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бюджет қаржысын орнымен жұмсағанын айтады.
2 қыркүйекте өзіне тағылған айыппен келіспейтін Бекетов Астанада жоғарғы сот және Ақорда алдында наразылық акциясын өткізіп, сотын әділ өткізуді талап еткен. Полиция ол кезде Бекетовті және Азаттық тілшісін ұстап, кейін екеуін де босатып жіберген.