Сауд Арабиясы билігінің мәлімдеуінше, Меккедегі Әл-Харам мешітіне жұма күні құрылыс краны құлауы салдарынан 107 адам мерт болып, екі жүзден аса адам жараланған.
Кран құлаған кезде Әл-Харам мешітінде көп адам болған. Әзірге қаза тапқандар мен жарақат алғандардың қай елдің азаматтары екендігі туралы толық ақпарат жоқ.
Оқыс оқиға қыркүйектің 11-і күні жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат бестен асқанда болған. Жұма күні Меккеде қатты жел тұрғаны айтылады. Мешіт аумағын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанына бірнеше жыл болған.
Әл-Харам мешітінің аумағында мұсылмандар үшін қасиетті Қағба орналасқан. Бұл күндері әлемнің әр түкпірінен мұсылмандар қажылық парызын өтеуге Сауд Арабиясына барып жатыр. Қажылықтың негізгі діни ғұрыптары биыл қыркүйектің 21-і мен 26-сы аралығында өтеді.