Сауд Арабиясының азаматтық қорғаныс мекемесі қыркүйектің 24-і күні Мекке қаласы маңындағы Мина жазығында болған кептеліс салдарынан қаза тапқандар саны 717 адамға жеткенін хабарлады. Оқиға салдарынан жүздеген адам жараланған.
Бұл қайғылы оқиға мұсылмандардың Құрбан Айт мейрамының алғашқы күніне тап келді. Биыл қыркүйектің 21-26 күндері арасында өтіп жатқан мұсылмандардың қажылық діни рәсіміне қатысу үшін Сауд Арабиясындағы Мекке қаласына 1 миллион 400 мыңға жуық адам жиналған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Қазақстан азаматтарының Меккедегі қайғылы оқиғада зардап шеккені туралы мәлімет түспегенін хабарлады.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, Мекке маңындағы Мина алабында қайғылы қыспақта қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ» деп хабарлады ол Twitter әлеуметтік желісі арқылы.
Сонымен бірге Жайнақов Қазақстаннан барған қажылардың көбі Меккедегі Әл-Харам мешітінде екенін жазған. Оның айтуынша, биыл Қазақстаннан қажылыққа төрт мыңға жуық адам барған.
Биылғы қажылық алдында, қыркүйектің 11-і күні Меккедегі Әл-Харам мешітінде құрылыс краны құлап, жүзден аса адам опат болып, 200-ден астам адам зардап шеккен еді.