АҚШ-та колледжде шабуылдан 9 адам мерт болды

Шабуыл жасалған колледжде қаза тапқандарды әкетіп барады. АҚШ, Орегон штаты, 1 қазан 2015 жыл.

АҚШ-тың Орегон штатында колледжде қарулы адам атыс қаруларынан оқ атып, тоғыз адамды мерт қылды. Қарулы адамның өзі полиция қолынан оққа ұшты.

СNN-нің хабарлауынша, штаттың Роузбург қаласындағы Ампква қоғамдық колледжінде қарулы адам төрт қару, оның ішінде мерген мылтығын пайдаланған. Қайғылы оқиғадан жеті адам жараланған.

Бұл оқиғаға қатысты көңіл айтқан АҚШ президенті Барак Обама АҚШ жаппай кісі өлтіруге мүмкіндік беретін "саяси таңдау" жасағанын айтып, елдегі ең ірі қару лоббиі - Ұлттық атыс қаруы ассоциациясын қатаң сынады.

Атыстан аман қалғандардың бірі ер адам оқ атпас бұрын құрбандардан қай дінді ұстанатындарын айтуды талап еткенін айтты. Шабуыл жасаған адамның аты Крис Харпер-Мерсер деген мәлімет бар.

Полиция әзірге қарулы адамның не себепті шабуыл жасағаны туралы мәлімет жоғын айтады.