Обама: Ресейдің Сириядағы ісі апатқа ұрындырады

АҚШ президенті Барак Обама Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында. Вашингтон, 2 қазан 2015 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Ресейдің Сириядағы әуе соққыларын «апатқа ұрындыратын» жол деп атады. Бұл туралы ол қазанның 2-сі күні Ақ үйде баспасөз мәслихатында мәлімдеген.

Обаманың сөзінше, Ресейдің Сирияда жүргізіп жатқан операциясының мақсаты – Башар Асадтың режиміне әскери қолдау көрсетуді көздейді. Ақ үй басшысы Мәскеудің бұл шешімі нәтиже бермейтінін айтқан.

«Путин мырза Сирияға күшіне сенгендіктен емес, әлсіздіктен барып отыр, өйткені оның клиенті Асад мырза күйреп жатыр» деп мәлімдеді Обама. «Қазіргі кезде путиндік коалицияда Иран мен Сирия бар, ал қалған күллі әлем бізбен бір коалицияға мүше. Оның қазіргі стратегиясына адамдар алданады деп ойламаймын» деген ол.

Президент Обама Мәскеу үш күн бойғы әуе шабуылдары барысында «Ислам мемлекеті» экстремистік тобын емес, Сирия оппозициясын нысанаға алғанын сынады. «Ресейдің көзқарасы бойынша олардың бәрі - террористер және бұл апатқа ұрындыратын жол» деп ескерткен АҚШ президенті.

Сонымен бірге Барак Обама ресейлік әскери ұшақтар мен халықаралық коалиция әуе күштері өзара қақтығысып қалмауына жол бермеу мақсатында америкалық билік өкілдері Ресей басшылығымен Сириядағы іс-қимылдарға қатысты сөйлесіп жатқанын жеткізген.

Ресейлік ұшақтар шабуылына ұшыраған сириялық оппозиция күштеріне АҚШ тарапынан көмек болуы мүмкін бе деген журналистер сұрағына жауабында президент Обама: «Біз Сирия жанжалын Ресей мен АҚШ арасында бөтеннің қолымен от көсейтін соғыс алаңына айналдырудан аулақпыз. Біз ИМ тобына қарсы күресіп жатырмыз» деп мәлімдеген. Оның сөзінше, «Путин мырзаның іс-әрекеті тек жалғыз нәрседе – Ресейдің өз ішінде оның рейтингін көтеріп отыр, бұл парасатты стратегиялық қадам емес».

Обама АҚШ-тың Сирия оппозициясына көмек көрсету және жарақтандыру жөніндегі бұған дейін жүзеге асырған бағдарламасы күткендегідей нәтиже бермегенін мойындады. Ол қазіргі кезде Вашингтон Түркияның Сириямен арадағы оңтүстік шекарасын нығайтуға Анкараға септесіп жатқанын, сонымен бірге, Сирияның шығысындағы күрд жасақтарына көмек көрсететінін айтқан.