ІІМ: екі мыңдай заңсыз мигрант елден шығарылды

Полиция ұстаған шетелдік мигранттар әкімшілік сот алдында тұр. 27 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда 28 қыркүйек - 2 қазан аралығында заңсыз миграцияға қарсы өткізілген арнайы шара барысында ұсталған 16 мыңнан астам шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, екі мыңға жуығы ел аумағынан шығарылған. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

«Тексеру барысында Қазақстан аумағында болу ережесін бұзғаны үшін 16812 шетелдік, оның ішінде алыс шетелдің 671 және ТМД елдерінің 16141 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 1884 шетелдік (алыс шетелден 109 және ТМД-ның 1775 азаматы) елден шығарылды» делінген ресми ақпаратта.

Сонымен бірге, жеке басын анықтау үшін 1216 адамның (біреуі – алыс шетелден) қабылдау-тарату орындарына апарылғаны хабарланды.

ІІМ мәліметі бойынша, арнайы шара барысында іздеуде жүрген 51 адам ұсталған.