Беларусь президенті Александр Лукашенко өз елінің аумағында ресейлік әскери база құру туралы жоспардан бейхабар болғанын айтады.
«Қазіргі уақытта бізге база керегі жоқ. Мен Ресей әскери база құрғалы жатыр деген оппозицияның айғайын естідім. Мен бұл жөнінде ештеңе білмеймін» деп мәлімдеген ол.
Бұған дейін әлгіндей жоспарға қарсылық білдірген 500-ге жуық адам Минск орталығында шеруге шыққан еді.
Қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин үкіметтің Минскімен келісімге қол қою туралы ұсынысына қолдау білдіріп, база құру туралы келіссөздер бастауға тапсырма берген. Беларусь жерінде ресейлік әскери флоттың радиолокациялық станциясы мен байланыс пункті жұмыс істейді, бірақ әлгіндей база салынар болса, СССР ыдырағалы бері ондай деңгейдегі алғашқы нысан болмақ.