Журналистке шабуыл жайлы ақпаратқа сыйақы жариялады

Youtube желісіне жарияланған «Бота Жұмановаға шабуыл» видеосынан скриншот.

Алматылық бизнесмен Ерлан Нұрпейісов журналист әрі блогер Бота Жұмановаға шабуыл жасаған қылмыскерді ұстауға жәрдемдесетін ақпаратқа арнайы сыйақы тағайындайтынын мәлімдеді.

«Күдіктінің аты-жөні және қайда екендігі туралы шынайы ақпарат үшін өзімнің өзімнің Green Auto Service экологиялық қоры атынан 100 000 теңге сыйақы беретінімді жариялаймын. Аса көп ақша болмаса да бұл басы ғана деп сенемін. Ақпарат берген адамға төленетін сыйақы көлемін өздерінің аз да болса үлесін қосып, көбейтемін деуші кәсіпкерлерге алғыс білдіремін» деп жазған Нұрпейсіов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Бұған дейін қазақстандық журналист, блогер Бота Жұманованы қазанның 9-ына қараған түні Алматыдағы үйіне кіреберісте белгісіз біреудің аяусыз ұрып кеткені туралы ақпаратты Алматы ішкі істер департаменті баспасөз қызметі растаған.

Қаладағы 7-қалалық клиникалық ауруханасының қызметкері Азаттыққа Бота Жұманова есімді адамның басынан жарақат алып, қазанның 9-ына ауған түні сағат 00:55-те хирургия бөліміне түскенін айтқан.

Сенбі күні интернетте «Бота Жұмановаға шабуыл» деген атпен тараған видеода деген түнгі мезгілде үйдің есігін ашып жатқан әйел адамды жас жігіттің ұрып кеткені түсіп қалған. Полиция бұл видеоны тексеріп жатқанын хабарлаған.