Палестиналықтар мен израилдіктер тайталасы жалғасып жатыр

Израиль полицейлері шабуылға күдіктіні тұтқындап тұр. Иерусалим, 9 қазан 2015 жыл.

Израиль қауіпсіздік күштері қазанның 10-ы күні Газа секторында шекара бойындағы наразылық акциясы кезінде екі палестиналықты атып өлтірген. Израиль армиясының баспасөз қызметі 12 және 15 жастағы екі жасөспірімнің кіруге тыйым салынған аймақта болғаны және Израиль сарбаздарына өртенген көлік дөңгелектері мен тас лақтырғаны туралы мәлімдеген.

Бұған дейін Иерусалимде кемінде төрт израилдікке пышақ жұмсаған екі палестиналықты полиция атып өлтірген еді.

Он бір күннен бері Иерусалим қаласында, Иордан өзенінің батыс жағалауы, Газа секторы мен Израильдегі өзге де қалаларда жалғасып жатқан қақтығыстар салдарынан төрт израилдік пен 21 палестиналық опат болған. Қаза тапқан палестиналықтардың көпшілігі израилдіктерге пышақпен шабуылдар барысында мерт болғаны хабарланды.

Бұл тайталасқа еврейлер мен мұсылмандардың әрқайсысы өздерінің қасиетті орны санайтын Иерусалимдегі Әл-Ақса мешіті себеп болған еді.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббаспен телефон арқылы сөйлескен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри қалыптасып отырған ахуалға байланысты «қатты алаңдаушылық» білдірген.

Бұл тайталас палестиналықтар көтерілісіне ұласып кетуі мүмкін деген қауіп айтылып отыр.