Алматы әкімінің үш орынбасары қызметтен кетті

Алматы әкімі Бауыржан Байбек. 9 қыркүйек 2015 жыл.

Алматы қаласы әкімінің үш орынбасары қызметтен кетті деп хабарлады жергілікті агенттіктер. Ақпараттар бойынша, әкімнің орынбасарлары Зәуреш Аманжолова, Юрий Ильин және Мұрат Құдышев отставкаға кеткен.

Зәуреш Аманжолова Алматы әкімдігінде денсаулық сақтау, ішкі саясат, білім беру, мәдениет, спорт, жастар саясаты және ұлттық мәдени орталықтар мәселелеріне жауапты болған. Мұрат Құдышев экономика және қаржы, мемлекеттік сатып алу, коммуналдық шаруашылық мәселелеріне жауап берген. Ал Юрий Ильин төтенше жағдайлардың алдын алу, жолаушылар тасымалы мен әлеуметтік бағдарламаларға жауапты болған.

Тамыздың басында Алматы әкімі болып "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тағайындалған. Бұған дейін Алматы әкімі болған Ахметжан Есімов "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясына басшы болып кеткен.

Алматы әкімінде барлығы бес орынбасар бар.