14 ЖОО дамушы Еуропа елдері университеттері рейтингіне ілінді

Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттері. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстанның 14 университеті дамушы Еуропа елдері мен Орталық Азия елдерінің жоғарғы оқу орындары рейтингіне енді. Бұл тізімді британдық Quacquarelli Symonds компаниясы жасайды.

Тізімге барлығы 22 елден 150 ЖОО кірген. Қазақстандық жоғарғы оқу орындары арасында алғашқы үштікті: Қазақ Ұлттық университеті (21-орын), Еуразия университеті (33-орын), Қазақ Ұлттық техникалық университеті (63-орын) иеленіп тұр. Тізімнің басына Мәскеу мемлекеттік университеті орналасқан.

Рейтинг академиялық репутация (өз саласындағы еңбегімен әлем назарын аударған ғалымдар саны), жұмыс берушілер сұранысы (түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші), студенттер саны (топтағы білім алуға оңтайлы студенттер саны), интернетке қол жетімділік, PhD қызметкерлері саны, сілтемелер жиілігі (ғылыми еңбектеріне әлемде жасалған сілтемелер) сияқты тоғыз фактор бойынша жасақталады.