Алматыда бүгін «Шығыс жұлдызы» авторлық интерьерлік қуыршақтар халықаралық көрмесі ашылды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көрмеге қойылған жұмыстар Шығыс тақырыбын негіз етіп алған. Көрмеге қойылған қуыршақтар шығыстың дәстүрлі киімінде, кейбірі дәстүрлі музыкалық аспаптар ұстап бейнеленген. Сондай-ақ көрмеде адамдармен бірге үй жануарларының қуыршақтары да бар.
Көрмеге қойылған барлығы 32 шығарманың авторлары арасында мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлерге дейін бар. «Балалар суреті» топтамасында «Ұмай» көркемөнер мектебінің шәкірттері салған жұмыстар қойылған. Көрме бағдарламасында «Қонжық Теддиді жасаймыз», «Полимерлік саз балшықтан қуыршақтың басын сомдау», «Қағаз сүлгіден қуыршақ құрастыру» шеберлік кластары, «Өркениеттер тарихы мен мәдениетіндегі қуыршақтар» интерактивті дәрісі және өзге де көптеген шаралар бар.
«Шығыс жұлдыздары» көрмесіне Ресейдің Нижний Новгород қаласы шеберлерінің қолынан шыққан туындылар да қатысты. Ал қазір АҚШ-та тұратын бұрынғы қазақстандық жасаған қуыршақтардың фотосуреттері осы көрмеге қойылған.
«Шығыс жұлдыздары» авторлық қуыршақтар көрмесін Алматыдағы Египет елшілігі жанындағы мәдениет және білім орталығы, қазақстандық қуыршақ шеберлерінің «Қуыршақ ғаламы орталығы», алматылық «Шығармашылық маусымдары» компаниясының және Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің шығыстану факультеті ұйымдастырған.
Ұлттық университет ғимараттарының бірінде өтіп жатқан көрме жұмысы қазанның 28-іне дейін жалғасады.